Мен 1964 жылы 20 ақпанда Қызылорда облысының Қамбаш елді мекенінде дүниеге келдім. Менің жасым төртке келгенде, әкемді жұмыс бабымен қалаға ауыстырып, Қызылорда қаласына көшіп келгенбіз. Орта мектепті Қызылорда қаласында бітірген соң, бір жыл әкемнің жанында диспетчер болып жұмыс істегенмін. 1982 жылы Қызылорда қаласындағы Политехникумға түсіп, оны 1985 жылы қызыл дипломмен аяқтадым. Сол жылы Алматы қаласының Ауыл Шаруашылық Институтына оқуға түсіп, 1990 жылы институт кафедрасына жұмысқа қабылдандым. Институт қабырғасында жүріп факультетіміздің комсомол ұйымының секретары қызметін атқардым. Облыстық комсомол ұйымының бюро мүшесі болдым және Қазақстан Орталық комсомол комитетінің Алматы облыстық бюросынан сенімді өкілі болдым. 1989 жылы шілде айында Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында өткен Бүкіләлемдік Студенттер мен Жастардың ХІІІ фестиваліне Алматы облысынан саяси делегат болып қатыстым. Осының бәрі менің өмірімнің жарқын беттері болды. Бірақ 1990-1995 жылдар арасындағы дағдарыс көтпеген қызметте жүрген жандардың сүйікті істерінен бас тартып, күнкөріс қамын ойлауына әкеп соқтырды. 1991жылы мен және кафедраның бірнеше аға мұғалімдері институттан жұмыстан шығып, басқа салаларға ауысыуға бел будық. Арман мені жетелеп, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданынан бір-ақ шығарды. Ақжар елді мекенінде мен өз бауырларыммен бірге колхоздан арендаға жер алып, егін ектім, жібек құртын бағып, Ыбырай атамыз үлгі еткен қасиетті еңбекке өзім ғана араласып қоймай, қолдарында табақтай дипломдары бар бауырларымды да үйреттім. Қазір олардың бәрі өз қалаларында бір-бір қызмет басында басшылық етіп отыр. Колхоз жұмысымен араласа жүріп мен өз сүйген мамандығымнан бас тарта алмадым. Сондықтан колхоз мектебіне жұмысқа тұрып, 1998 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Университетіне қайта оқуға түстім. 2001 жылы институтты тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі деген диплом алдым. Осы жылы мен Атыраулық Отарбаев Қайырболат деген азаматпен бас қостым. Бақытты отбасын құрып, ұл, қыз сүйіп отырмыз. Атырауға аяқ басқан күннен бастап, Абай атындағы №15орта мектебіне қызметке орналастым. Үлкен сенім артқан мектеп директоры әуелі мектеп психологы қызметін алып жүруімді өтінді. Өз өмірімде үлкен орын алған «IREX» және «Теңізшевройл» компанияларының демеушілігімен жүзеге асырылып отырған «АТДҰ-2012» жобасынан арқасында жеткен жетістігімнің нәтижесінде мен мектебіміздің инновациялық оқу ісінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылдым. «АТДҰ» жобасынан алған білімім «Өрлеу» Акционерлік қоғамы ұйымдастырып отырған «Оқытудағы Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздерін» меңгеру курстарында мені өз әріптестерімнен оқ бойы алға шығарып, оқытушы тренерлеріміздің, әріптестерімнің алғысына бөледі. Себебі Бағдарламаның жеті модулінің бірі – АКТ-ны қолдану болып табылады. Бағдарламаны ойдағыдай аяқтап, қолыма Сертификат алдым. «Өрлеу» мен «АТДҰ» жобасынан алған білімім өңіріміздегі ашылғалы жатқан Назарбаев зияткерлік мектебіне конкурстан өтіуме бірдер-бір оң ықпал етті. Мен ешбір таныс-тамырсыз өз мүмкіндігімді өзіме дәлелдеп келе жатқан адаммын. Алдыма қойған үлкен мақсаттарым бар. Сол мақсаттарыма жету үшін менің таудай талабыма қанат болған «АТДҰ» және «Өрлеу» Бағдарламаларынан алған білімім. Сондықтан да мен кез келген адамға еңбек пен тынымсыз ізденіс қай кезде де оң нәтижесін беретінін айта аламын.